• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесін баяндайтын пойыз

466 рет
көрсетілді

7 мамырда Мәскеудің «Сокол» электродепосында «Народный ополченец» деп аталған Қазақстанның Ұлы Жеңіске қосқан үлесі туралы 12 постерден құрылған экспозиция орнатылған арнайы пойыз жүре бастады.   Көшпелі экспозиция Қазақстанда құрылып, одан кейін Мәскеуді, Севастопольді, Ленинградты қорғауда, Украинаны азат етуге қатысқан дивизиялардың әскери жолы туралы, басып алынған аумақтарда партизандар қатарындағы қазақстандықтардың ерлік істері туралы, сондай-ақ, елімізге көшірілген әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындарының майданды жабдықтауға қосқан үлесі туралы баяндайды. Қазақтың ұлы ақындары алдыңғы қатарда болған жауынгерлерге, блокадаға түскен Ленинград қаласы тұрғындарына арналған аталы сөздерін жолдап, шығармаларын оларға орындау арқылы рухани қолдау көрсеткені ерекше терең сезінетін тақырыпқа айналды. Мәселен, ұлы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградцы, дети мои!» деген жолдау сөздері бәріне де белгілі. Басқа суреттерде қазақтың кең-байтақ даласына көшірілген халықтарды қазақтар жылы қабылдағаны бейнеленген, ал жетім қалғандарды асырап алу кезінде жасаған постерлер мен деректі фильм­дер ешкімді енжар қалдырмайды. Мобильдік құрылғының иелері «На­ро­дный ополченец» пойызындағы суреттерде бейнеленген QR-код  арқылы экс­позицияның кеңейтілген нұсқасымен таныса алады. Толығырақ айтқанда, кез келген метро жолаушысы Елшілік және «Қазақстан» телерадиокорпорациясы бірлесіп әзірлеген Ұлы Отан соғысы тақырыбына арнайы бейнероликтерді өздеріне еркін көшіре алады. Жеңіс пойызының экспозициясын қалыптастыруға Ресей әскери-тарихи қоғамдастығы, «Вечерняя Москва» газеті редакциясы, Мәскеуді қорғау мемлекеттік мұражайы, 1941-1945 жылдар кезеңінде Ұлы Отан соғысының орталық мұражайы да қатысты. Пойыздағы көрме алдағы жарты жыл бойы жұмыс істейтін болады. Пойыз экспозициясын ашу рәсіміне Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Виктор Темірбаев, Мәскеу метрополитені басшысының орынбасары Владимир Погодин және жергілікті ардагерлік қоғамдастықтардың өкілдері қатысты, деп хабарлады Ресейдегі Қазақстан Елшілігінің баспасөз қызметі.